Құсты адам баласы қолға алып асырай бастағаны қай заманнан берлі екені мәлім емес. Тек, мұнан мың жыл бұрын тауық асыраушылар болғаны ғана белгілі. Басында тауықты асырап, баққан жұрттар үнді, қытай, жапон. Басқалар солардан көріп, құс асыраудан пайда бар екенін білсе де, ол пайдасын азсынып, құс ұстауға жұрт көпке дейін көңілді болмаған. Сондықтан 5 мың жылдан бері құс бағу кәсібі ұлғаймаған. Бұл кәсіп пайдалы зор кәсіптің біріне санап, Еуропа жұрты қолға ала бастағанына 50-60 ғана жыл болды. Бұрын шаруалар ғана отбасының керегіне деп азын-аулақ ұстайтын, сатып пайда қылайын деп, сауда мақсатымен ұстамайтын. Бұл күнде кұсты да мал сияқты көп асырап, көп жиып, көп сомалармен сауда жүргізіп, зор кәсіптің бірі болды. Құс кәсібі — құр асыраған құстың санын көбейтумен пайдалы болмайды, тұқымын жақсылап ұстаумен болады. Малдың түрлі тұқымын түрлі мақсатпен ұстайды. Құс та солай: етіне, жұмыртқасына, жүніне бола ұстайды. Қай жағынан болса да, артықша пайдалы құс — тауық. Тауықтың еті жақсы, жұмыртқа салуы көп, жүні де жаман емес, бағуы жеңіл, өзі өсімтал. Онан соң асырауға пайдалы құстар: күрке тауық, қаз, үйрек. Қырғауылды да асырайтындар бар, бірақ жұртқа жайылмаған, кей жерде ғана істелетін кәсіп. Осы айтылған құстардың ішінде асырау талғамайтыны тауық. Күрке тауық кеңшілік сүйетін құс, оған кең жайылым керек, қамашау орында өспейді. Қаз қолдан гөрі дала жайылымымен күн көретін, суды сүйетін құс. Оны асырауға тоғайы, суы бар жер керек. Үйрекке де солай, суы бар жер керек. Үйрек мешкей кұс, қолда көп ұстап отыруға болмайды, жемі басынан асып кетеді. Сондықтан оны тезірек сатып, тұқымдығын қалдырып отырмаса болмайды. Құс асырағандар пайдасы көп болу үшін, әуелі жақсы тұқымын ғана асырайды. Екінші, тауықтан басқа жер талғайтын құстарды жеріне қарай асырайды. Асыраңды құстар мен ағайындас құстар — аққу, торы ала қаз, сары ала қаз, қасқалдақ қарабас шүрегей. Қаз бен үйрек ағайынды, аққу, аққұр, қарақұр, безгелдек, бедене тауықпен күркетауық ағайындары. Аңшылық құстары деп аң аулауға ұстайтын құстар айтылады. Мәселен: бүркіт, қаршыға, сұңқар, лашын тұйғын, тұрымтай, қырғи, ителгі. Бұл қүстарды аңшылар аңға салу үшін әуелі баулиды, қолға үйір етеді. Құс баулу өз алдына бір енер: кім болса сол үйрете алмайды. Құс үйретіп, әбден әдісін білген адамдар ғана кұсты баули алады. Құс баулудың қысқаша айтылғанда жөн жоспары мынау: құсты ұстағаннан кейін аяқ баулап, қолға қондырып, үсті-басын сипап-сипап қояды. Құс басында сипауға келе жатқан қолдан үрке қараса да, біраздан соң үйір болады. Сипауға үйір қылып жүргенде, жемді де қолға қондырып отырып береді. Құс қолдан жеуге үйренеді. Сонан соң аяқ бауын ұзын тағып, тұғырына қондырып қойып, алысырақ отырып, жемге шақырады. Қолдан жем жеп үйреніп қалған құс, қолдағы жемді керген соң, тұғырынан ұмтылып барып, қолға қонады. Сүйте-сүйте жүріп, алыстан жемге шақырса да келетін болады. Онан әрі шақырған дауысқа үйреніп, жем көрмесе де дауысқа келетін болады. Шақырған дауысқа келетін болған соң, қашып кетер деген қорқыныш жоғалады. Аңға, құсқа салуға болады. Жоғарыда айтылған аңшылық күстарының арасында үлкені де кішісі де бар. Асылы да, жасығы да бар. Асылдары алғыр келеді. Бүркіттердің қасқыр алатындары да болады. Сұңқар, лашын, тұйғын, қаршығалардың алғырлары қаз, үйрек дуадақ құр сияқты құстарды алады. Ителгі, қырғи, тұрымтай ұсақ құстарды ғана алады. Аңшылық кұстар арам құстардың табына жатады. Балалары жұмыртқадан нашар, жалаңаш шығады. Көпке дейін ата-анасының қолына қарайды. Аңшылық құстардың көзі қырағы, тұмсығы, тырнақтары өткір келеді. Аңшылық құстарымен рулас құстар: ақ иық, арлан, күшіген, қарақұс, бөктергі, құладын, күйкентай, үкі, жапалақ, байғыз. Соңғы үшеуі түнде тамақ аулауға шығатын болғандықтан, түн кұсы деп аталады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *